Қазақстанда ата-аналар мен ұстаздардың бастамаларына арналған жаңа алаң іске қосылады
Халық Кеңесінің кезекті отырысында 66 бастама қаралды. Жиын барысында ғылымды қаржыландыру көлемін ұлғайту, жұмысшы мамандар тапшылығын азайту және жастарды жұмыспен қамту шаралары пысықталды. Сонымен қатар жасанды интеллект бағытын өркендету, ғылыми ұйымдарға қолдау көрсету және шет мемлекеттерде еңбек етіп жүрген отандық ғалымдарды елге тарту мәселелері талқыланды.
Білім беру сапасы мен қауіпсіздік мәселелері
Мамандарды даярлаумен бірге білім беру саласының сапасы мен балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударылды. Атап айтқанда, мектептердегі буллингтің алдын алу, өскелең ұрпақтың психологиялық саулығын қорғау, цифрлық ортаны орынды пайдалану және ата-аналар мен білім мекемелері арасындағы байланысты нығайту тетіктері сөз болды.
«Кеңес Ел» платформасының мүмкіндіктері
Аталған бағыттар бойынша тұрғындардың ұсыныстарын жинақтап, ортақ шешім қабылдау үшін «Кеңес Ел» диалог алаңын өрістету көзделген. Кеңес мүшесі Мұрат Әбенов бұл жүйе әртүрлі тараптардың тәжірибесін бір арнаға тоғыстыруға жол ашатынын жеткізді.
«Халық Кеңесі қоғам мен мемлекет арасындағы алтын көпірге айналуы тиіс. Азаматтардың мәселесін тыңдап, олардың ұсыныстарын жеткізу маңызды. Осындай жиындарда оларды мамандармен бірге қарап, нақты жүзеге асыру жолдарын айқындай аламыз. Осыған байланысты «Кеңес Ел» консультативтік алаңын ұсындым. Оның мақсаты — ата-аналар, ұстаздар, студенттер, ғалымдар мен жұмыс берушілердің білім беру мен адами капитал мәселелерін өзара талқылап, тәжірибе бөлісуіне жағдай жасау», — деп түсіндірді ол Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.
Алдағы кезеңде Халық Кеңесі өңірлердегі түйткілді мәселелерді шешу бойынша арнайы ұсыныстар топтамасын әзірлеуді жалғастырады.

