Астана әкімдігі Бектұров көшесіндегі даулы құрылыстың құжаттарына қатысты мән-жайды түсіндірді
Астанада Әбікен Бектұров көшесіндегі № 17, 17/1, 17/2 және 17/3 үйлердің тұрғындары іргедегі автотұрағы бар әкімшілік ғимараттың салынуына алаңдаушылық білдірді. Азаматтар жүргізіліп жатқан жұмыстардың қаншалықты заңды екенін, жобалық құжаттама мен тиісті тексерулердің бар-жоғын нақтылауды талап еткен.
Жер телімінің нысаналы мақсаты
Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» жүйесінде аталған аумақ жеке меншік құқығымен тіркелген. Жер телімі көпқабатты тұрғын үй кешендерін, сондай-ақ тұрғын үй, әлеуметтік және мәдени-тұрмыстық бағыттағы ғимараттарды жобалап, салу мақсатына арналған.
Рұқсат құжаттарының жай-күйі
Салалық басқарма өз құзыреті тек жобалау алдындағы сатыға қатысты екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, мекеме сәулет-жоспарлау тапсырмасын (СЖТ) береді әрі эскиздік жобаларды мақұлдайды.
Ведомство мәліметінше, «Керемет Асар» ЖШС-не Әбікен Бектұров пен Е69 (жобалық атауы) көшелерінің қиылысында орналасқан нысанды жобалау үшін СЖТ ресми түрде табысталып, тұрағы бар әкімшілік ғимараттың эскиздік жобасы бекітілген. Қала ішіндегі тұрғын алаңдар мен инфрақұрылымның қауіпсіздігіне бұған дейін де назар аударылып, мектептер маңындағы жылдамдықты шектеу сынды шаралар қолға алынған болатын.



